Грекияның Мәдениет министрлігі дайвингті жақсы көретін туристерге батып кеткен кемелер мен ұшақтарға баруға рұқсат берді, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы АТОР басылымына сілтеме жасап.
1868-1970 жылдар аралығындағы кезеңге жататын 91 нысанға баруға болады. Олар - негізінен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде батып кеткен әскери ұшақтар мен кемелер. 120 метрден аспайтын тереңдікте жатыр.
Мысалы, Эгей теңізіндегі Ираклия аралының жанында сүңгуірлер 11 метр тереңдікте жатқан германиялық Arado Ar196 ұшағын көре алады. Ол - Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери теңіз барлау кемесі.
1942 жылы Пелопоннес түбегінің оңтүстік-батысындағы Проти аралында белгісіз сауда кемесі батып кеткен. Оның қалай батқанын ешкім білмейді. Мүмкін сүңгуірлер кеменің неліктен апат болғанын және қай елдікі екенін анықтап, жаңалық ашып қалар.
Батып кеткен әскери ұшақтар мен кемелерге Аттика, Оңтүстік және Солтүстік Эгей аймақтарында, Орталық Македонияда, Батыс және Орталық Грекияда, Эпирде, Пелопоннес пен Фессалияда, Крит пен Ион аралдарында баруға рұқсат етіледі.