Еңбек демалысына дейін әлі уақыт көп, ал жан дүниеңіз саяхаттағанды қалап тұрса, Дубай естен кетпес уикэнд өткізуге арналған мінсіз орын бола алады. Қолайлы тікелей рейстер, визасыз саяхаттау мүмкіндігі және алуан-түрлі көрікті жерлері бар Дубай тез арада қайта қалпыңызға келетін таптырмас қала. Сіздің бірнеше демалыс күніңізді тиімді пайдалану үшін Дубайдағы саяхатыңызды жоспарлауға көмектесеміз. Ұмытылмас әсер алғаннан кейін, қаламен жақсырақ танысып, қайта келгіңіз келеді.
1. Әйгілі көрнекі жерлер
Әлемдегі ең танымал және туристер жиі баратын жер Бурдж Халифа (Burj Khalifa) зәулім ғимараты екені сөзсіз. Дүние жүзіндегі бұл ең биік ғимараттың биіктігі 828 метр – Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасынан үш есе биік. Оған жыл сайын 17 миллионға жуық турист келеді. Аталған ғажайып сәулет туындысының көру алаңынан мегаполистің панорамалық көрінісін тамашалай аласыз.
Ұзын кезектерге тап болмас үшін билеттерді алдын ала онлайн сатып алуға кеңес беерміз
Dubai Frame - тағы бір культтық нысан, үлкен фото жиектемеге ұқсайтын тағы бір көрнекті ғимарат. Ол әлем бойынша өлшемі жағынан рекорд орнатқан: оның биіктігі 150,24 метр және ені 95,53 метр құрайды. Дубай жиектемесінің панорамалық терезелерінен ескі және жаңа Дубайдың таңқаларлық көріністерін тамашалауға болады. Бір жағынан Сіз қаланың тарихи ауданын, екінші жағында әртүрлі геометриялық пішіндегі заманауи зәулім ғимараттардың тізбегін көре аласыз.
Көру алаңына көтерілгенде адреналин сезінуіңіз мүмкін: Сіз шыны еденге аяқ басқаннан кейін, ол қозғалысты анықтап мөлдір бола қалады. Одан ертерек бірінші қабатта орналасқан әмірліктң тарихымен таныстыратын заманауи интерактивті мұражайға барсаңыз болады.
Болашақ мұражайы (Museum of the Future) – Дубайдың жаңа мақтанышы. Кіру билеттерін әдетте бірнеше апта бұрын сатып алған жөн, сол себепті біз онлайн режимінде сатып алуға кеңес береміз. Бұл мұражай – нағыз инженерлік ой-өрістің ғажайыбы. National Geographic журналы оны әлемдегі ең әдемі 14 мұражайдың тізіміне енгізген.
Мұражайдың тұрақты экспозициясы келушілерді оны жасаушылардың пікірінше алдағы 50 жылда дүние жүзінде болуы мүмкін өзгерістермен таныстырады. Мұнда Сіз бүкіл адамзаттың өмірін жақсартуға бағытталған жасанды интеллекттен бастап толықтырылған шындық технологияларына дейінгі инновацияларды көре аласыз.
Аталған үш жерде де Дубай әсемдігін көрсете отыра тамаша селфиге түсуге болады.
1. Мәдениет және мұра
Дубайдың бай тарихымен танысу үшін Аль-Фахиди (Al Fahidi) немесе Аль-Бастакия (Al Bastakiya) деп аталатын тарихи ауданына барып көріңіз. Бұл жер өзінің тар, бұралған көшелері, дәстүрлі жел мұнаралары мен сансыз мұражайлары аралас келген сәулетімен танымал. Дубай мұражайы 200 жылдық бекіністе орналасқан және келушілерді әмірліктің эволюциясымен, яғни қарапайым балықшылар ауылынан бүгінгі таңдағы беймаза мегаполиске айналу тарихымен таныстырады. Ауданда көптеген көркем галереялар, дәстүрлі кафелер мен бутиктер бар болғандықтан, мұнда рахаттана керемет уақыт өткізесіз.
3. Шопинг-терапия
Дубай дүкен құмарлар үшін дәстүрлі базарлар мен заманауи сәнді сауда орталықтары орналасқан жұмақ десек те болады.
Дубайда шопинг жасауға арналған үздік орын – Бурдж Халифаға жақын орналасқан әлемдегі ең үлкен сауда орталығы Dubai Mall. Сауда орталығында 1200-ден астам дүкен мен 150 мейрамхана бар.
Егер Сіз шығыс сауда дәстүрімен танысқыңыз келсе, Алтын базар, дәмдеуіштер базары және тоқыма базарына міндетті түрде баруыңыз керек. Алтын базар – дүкен терезелері жарқыраған алтын әшекейлермен безендірілген көз жауын алатын көрініс. Сіз сауда жасамасаңыз да, ол жер ерекше сән-салатанаты үшін баруға тұрарлық. Тоқыма базарында Сіз кез келген түсті әдемі маталар таба аласыз, ал дәмдеуіштер базарында хош иіске бай экзотикалық дәмдеуіштерді сатып алып, Дубайдың бір бөлігін өзіңізбен бірге отаныңызға алып кетсеңіз болады.
4. Сафари және шөл
Егер Дубайда бір күннен артық аялдасаңыз, шөлге бару туралы ойланып көріңіз. Сізге ұзақтығы мен форматы бойынша әртүрлі сапар ұсынылады, соның ішінде құм төбелермен жүру, сэндбординг, түйеге міну және тіпті құм төбелерде күннің батуын тамашалау бар.
Қорғалатын шөл экожүйесі болып табылатын Дубай шөлді қорығы тыныш және экологиялық тұрғыдан жауапты демалыс ұсынады. Мұнда Сіз шөлдің жабайы табиғатын тамашалап, араб шөлінің ерекше флорасы мен фаунасы туралы көп пайдалы ақпарат біле аласыз.
5. Жағажай
Иә, Дубайда керемет мөлдір көк суы бар әдемі бапталған жағажайлар бар!
Джумейра жағажайы мен пальма тәрізді жасанды Пальма Джумейра аралы Дубайдың сюрреалистік көкжиегінің таңғажайып көріністерін ұсынатын жағалаудағы ең әдемі жерлердің бірі.
Көптеген жағажай клубтарында дәмді түскі ас ішіп, суға түсіп, күн сәулесіне жылынуға болады. Мысалы, Byron Bathers Club немесе Twiggy by La cantine. Дубайдағы ең танымал жағажай клубтарының бірі-Club Vista Mare. Сіз 7 мейрамхананың ішінен таңдай аласыз. Олардың әрқайсысына жеке жағажайда шезлонгтары мен қызметкерлері бар жеке аумағы тиесілі.
Ал егер жай ғана жағажайға кіріп, жүзгіңіз келсе немесе толқындарда секіргіңіз келсе, онда Google-дан Kite пен Sufouh тегін жағажайларды іздеп көріңіз.
6. Балалармен бірге саяхаттау
Дубай – аялдауға ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар Сіз үшін де, балаларыңыз үшін де естен кетпес әсер сыйлайтын отбасылық демалысқа арналған қала.
Dubai Mall сауда орталығы ұсынатын ойын-сауық іс-шараларын аралау үшін бір күн жетпейді. Сондықтан Дубай мұз айдыны және Dubai Aquarium and Underwater Zoo аквариумынан бастаңыз.
Бір күніңізді толықтай тек ойын-сауыққа арнай алсаңыз, Таяу Шығыстағы ең ірі Dubai Parks and Resorts тақырыптық парк кешеніне бармай кетуге болмайды. Оның аумағында бірнеше тақырыптық парк орналасқан, оның ішінде Motiongate Dubai, Legoland Dubai және Legoland Waterpark аквапаркі бар. Бұл парктерде кез келген жастағы балаларға арналған сансыз аттракциондар, шоулар мен ойын-сауық бағдарламалары ұсынылған.
IMG Worlds of Adventure - әлемдегі ең үлкен жабық ойын-сауық паркі. Танымал кейіпкерлерден басқа, ол жерде көпшіліктің сүйікті Marvel супер қаһармандары мен Cartoon Network-тен фавориттер көрсетіледі.
Ал енді Дубайды қалайша аралаймыз дегенге тоқталсақ. Қаланың көлік жүйесі алуан-түрлілігімен таң қалдырады және қолдануға ыңғайлы. Тек жер үстінде емес, сонымен қатар қызықты су көлігі де бар.
Дубай метросы заманауи көліктің айқын көрінісі болып табылады және Дубайдың негізгі аудандарын байланыстыратын қаланың көлік желісінің негізі ретінде қызмет етеді. Дубай метросында саяхаттау өте ыңғайлы және арзан.
Дубайдың су көлігі жүйесіне әдемі арналар мен бухталар желісі кіреді. Олар айналадағы әсемдікті тыныштықта сүйсініп тамашалау мүмкіндігін сыйлайды. Сіз тіпті Дубайды қалаған қарқынмен көруге мүмкіндік беретін жеке тур үшін жеке су такси қызметіне тапсырыс бере аласыз. Сумен жүрген кезде Бурдж әл-Араб және Палм-Джумейра сияқты орындарға ашылатын көрініс ерекше әдемі.
Дубайдың су көлігі туралы сөз қозғалғанда, дәстүрлі абраны айтпай кетуге болмайды. Мұндай шағын ағаш қайықтар көп ғасырлар бойы Дубай шығанағы бойымен жүзіп жүрген. Абрамен жүру қолжетімді ғана емес, сонымен қатар тамаша мәдени тәжірибе.
Жақында қалада жүргізушіні қажет етпейтін абра қайықтары, яғни соңғы техникамен жабдықталған автономды көліктер ұсынылды.
Әрине, бірер минуттың ішінде келетін кәдімгі такси де әрқашан қызмет етеді.
Тамашалайтын басқа орындар бар ма деп сұрасаңыз, біз «Иә» деп жауап береміз. Алайда, оның барлығымен Дубайға келесі келгеніңізде танысасыз.