Дания коронавирусқа байланысты барлық шектеуді алып тастады

Дания коронавирусқа байланысты барлық шектеуді алып тастаған алғашқы еуропалық ел болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елдің Денсаулық сақтау министрлігі сайтына сілтеме жасап.

Коронавирусқа байланысты шектеулерді алып тастауға елдегі вакцинация деңгейі себеп болған: 12 жастан асқан халықтың 83 пайызы толығымен екпе салдырған.

"Вакцина және халықтың күш-жігері осындай қиын кезеңде мықты болудың негізі болды", - деді денсаулық сақтау министрі Магнус Хойнике.

Данияның денсаулық сақтау органдары бұл қадамды елдегі вакцинацияның жоғары деңгейіне және ауыр сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің төмен деңгейіне байланысты вирус "енді қоғамға қауіп төндірмейді" деп мақұлдаған.

Елде 10 қыркүйектен бастап бұқаралық іс-шараларға қатысу үшін адамдардан вакцина паспортын талап етпейді. COVID-19 жұқтырғандармен байланыста болған балалар енді үйге жіберілмейді. Карантин тек коронавируспен ауыратын науқастар үшін ғана. Дені сау азаматтар кеңселерге, ал балалар мектептерге орала алады.

Алайда Данияға кіруге бірқатар шектеулер әлі де сақталған. Олар саяхатшы келген елге байланысты болмақ. Politico басылымы мәліметінше, Дания коронавируспен күресуге бағытталған барлық шектеу шарасын толығымен жойған алғашқы еуропалық ел.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!