Черногория шетелдік туристердің кіру ережелерін қатаңдатады. Бұл туралы ел үкіметі 10 наурыз, сәрсенбіде Twitter желісіндегі ресми аккаунтында жазды, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz.
Әзірге бұл талап 10-17 наурыз аралығында қолданылады. Республиканың Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде COVID-19 жұқтырғандар саны көбейіп жатыр. Сондықтан осындай шектеу қоюға тура келген.
Туристер 13 наурыздан бастап шекарадан өткен кезде 48 сағатқа жарамды CОVID-19 жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест нәтижесін немесе 30 күннен аспайтын IgG антиденелері бар екені туралы анықтаманы көрсетуі керек. Сондай-ақ, вакцинацияның барлық кезеңінен өткені туралы сертификат қабылданады, вакцинаның екінші дозасы елге кірерден кемінде 7 күн бұрын жасалуы керек.
Ал Албания, Сербия, Хорватия, Босния және Герцеговина немесе Косоводан елге кіретін азаматтар коронавирусты тексеруден босатылды.