Бұйра бірқазандар мен патшайым жағажайы. Черногорияға барудың 7 себебі

Черногорияға демалушылар Адриат теңізінің жағасында арзан да, сапалы жағажай демалысы үшін көптеп баратыны анық. Саяхатшылар ортағасырлық шіркеулерді тамашалап, тар көшелермен серуендеу үшін, сондай-ақ жасыл желекке оранған ұлттық саябақтарында демалуға барады. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге саяхатшылардың Еуропаның оңтүстігіндегі осы елге неге жиі бет бұратынын ашып әңгімелейді.

Монтенегро атты романтикалық, әрі экзотикалық атаудың астарында Черногория жасырынған десе болады. Жылышырайлы, қонақжай Черногория елі жыл сайын туристерді тартпай тұрмайды. Осы бір шағын, әсем мемлекеттің курорттық жерлерін мына жерден оқи аласыз.

Біз осы елдің басқа курорттық жерлерден қандай айырмашылығы барын сипаттап бермекшіміз.

© Shutterstock

Көз бен көңілді тартар себептің бірі - Бока-Котор шығанағында катермен серуендеу

Бока-Котор шығанағы (Бока Которска) Адриат теңізінің ең ірі табиғи айлағы болып саналады, оны көбінесе жаңсақ Еуропаның оңтүстік фьорды деп те атап жатады.

Шын мәнінде, шығанақтың ерекшелігі - бұл теңізге кірігіп жатқан өзен шатқалы екендігі. Ол 30 шақырымға созылып, теңдесі жоқ табиғи көрініс тудырады.

Қалай табуға болады

Бока-Котор шығанағы Черногорияның батыс аймағында орналасқан.

Демалыс бағасы

Экскурсиямен қоса, катерде серуендеу бағасы - 20 еуро (шамамен 9 000 теңге).

© Shutterstock

Экстремалды себеп - 172 метр биіктікте қауіпті серуенге шығу

Джурджевич көпірі (Most Djurdjevica) Еуропадағы автомобиль көпірінің ішіндегі ең биігі болып есептеледі. Бұл көпірді Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жобалап және құрастырған инженер Лазарь Яукович еді. Көпір буырқанған өзеннен 172 метр биіктікте созылған, оның ұзындығы - 365 метр. Қашықтықтан көпір монолитті бетоннан жасалғанымен нәзік, әрі жеңіл көрінеді.

Біз сізге батылдық танытып, көпірмен жаяу серуендеуге кеңес береміз. Көз алдыңызға таңғажайып көрініс, биіктік сезімі, Тара өзенінің көгілдір жолағы ашылып, асқақ таулардың әсемдігі мәңгі жадыңызда қалары анық.

Қалай табуға болады

Көпір Тара өзенінің шатқалында, Црквин өткелінде орналасқан.

Демалыс бағасы

Көпірде серуендеу тегін.

© Shutterstock 

Шытырман оқиғалы себеп - үңгірді тамашалау және Еуропадағы ең терең шатқалға серуендеу

Тара өзенінің шатқалы (Kanjon rijeke Tare) Еуропадағы және әлемдегі ең терең шатқал болып саналады. Ұзындығы 80 шақырымға созылып, 1300 метр тереңдікке дейін баратын бұл шатқал Колорадо штатындағы Үлкен Шатқалдан кейінгі екінші орында тұр. Шатқал Дурмитор таулы аймағында орналасқан, оның аумағы әлі толық зерттелмеген. Көптеген мұздықты көлдер, бұлақтар мен үңгірлер ашушы ғалымдар мен спелеологтарды күтуде десе болады.

Қалай табуға болады

Осындай табиғаттың таңғажайыбы елдің солтүстігінде, Дурмитор тауы аумағында, Подгорицадан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан, оған туристік автобуспен де, жолаушылар автобусымен де жетуге болады.

Демалыс бағасы

Кіру билеті 1 еуро, 7 жасқа дейінгі балаларға тегін.

© Shutterstock 

Биоградска Гора (Biogradska Gora) -  адам аяғы баспаған ну орман

Бұл елдегі ең көне қорық болып саналады. Еуропадағы ең көне реликті ормандардың бірі осы жерде сақталған, кейбір ағаштардың жасы тіпті мың жылдан асады. Бірақ ағаштардың жасы ғана емес, сонымен қатар олардың көлемдері де таңқаларлық: ағаш діңдерінің биіктігі 45 метрге және жуандығы бір жарым метрге дейін жетеді. 54 шаршы шақырымнан аса аумақты алып жатқан қорықтан 2000-нан аса өсімдік түрлерін, 70-ке жуық түрлі жануарлар мен 150-ден аса құстардың түрлерін көруге болады.

Көптеген серуен жолдары сізді ну орманнан мұзды көлге алып барады Бұл ғажайып құбылыс теңіз деңгейінен 1000 метрден аса биіктікте көптің көзінен тыс орналасқан.

Қалай табуға болады

Қорық Колашиннен 17 шақырым жерде Тара және Лим өзендерінің ортасында орналасқан.

Демалыс бағасы

Кіру билеті 2 еуродан басталады (шамамен 900 теңге).

© Shutterstock 

Діни себеп - Острог шіркеуіне экскурсия

Острог шіркеуі (Manastir Ostrog) - Черногорияның басты киелі орны және ғажайып жері саналады. Ежелгі православ шіркеуі биік тауда теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте құз жартасқа ойып салынған. Шіркеу ауада қалқып тұрғандай. Осы сұлулыққа қарап, бағзы заманда XVII  ғасырда шіркеуді адам қолымен салынған дегенге сену өте қиын. Сол заманнан монахтар ойылған үңгірлерде қоныстанып, бұл құбылыс Еуропада кеңінен етек жайды.

300 жылдан аса уақыттан бері мұнда шіркеудің негізін қалаушы Әулие Острог Василийдің (оның шын аты Стоян Йованович болған) жәдігерлері сақталған. Мұнда сенушілер әлемнің түкпір-түкпірінен ғибадат етіп, көмек пен ем сұрауға келеді екен.

Қалай табуға болады

Шіркеу Подгорицаның батысынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.

Демалыс бағасы

Шіркеу келушілер үшін әрдайым ашық. Автобусты экскурсия гидпен қоса 22 еуроны құрайды (шамамен 10 000 теңге).

© Shutterstock 

Патшайым жағажайы және әлем жұлдыздарының апартаменттері

Әулие Стефан арал-қонақүйі (Sveti Stefan) - Черногорияның беткеұстар жері десе болады. Бұл таңғажайып жердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнарлы таулар, тіп-тік қарағайлар, көгілдір теңіз бен алтын түстес сусыма құм бәрі-бәрі өте үйлесімді, табиғаттың бар сұлулығын аша түседі. Бүкіл Жерорта теңізінде сән-салтанаты мен сұлулығына тең келер арал табыла қоймасы анық. Аралдағы жалғыз қонақүй 80 бірқабатты үйлерден тұрады, олардың ішінде әсем апартаменттер бар, олардың қонақжайлылығы мен  әдемілігі тіпті патша мен патшайымды қабылдауға лайықты, бір жағынан, үйлердің сыртқы сәулетінде ешқандай өзгеріс болмаған, үйлер жүз жылдан бергі сырт келбетін сақтап келеді.

Бір кездері мұнда тіпті Италия королі II Умберто Савойский, Нидерланды ханшайымдары Маргарет және Кристина қонақ болған. 118 нөмірлі сәнді апартаментте Софи Лорен, Клаудия Шиффер және Сильвестр Сталлоне сияқты жұлдыздар болған.

Қалай табуға болады

Будвадан 10 шақырымдық жердегі Әулие Стефан ауылына бару қажет.

Демалыс бағасы

Әулие Стефанға дейін автобуспен жету - 2 еуро. 

© Shutterstock 

Зоосебеп - бұйра бірқазандарды табиғи мекен ететін ортасында тамашалау

Скадар көлі (Skadarsko jezero) - Черногорияның тағы бір танымал туристік орны. Табиғат пен адам жанының үйлесімін сезінгіңіз келсе, осы көркем жерге барыңыз.

Балқандағы ең үлкен көл-қорық көптеген жылдар бұрын бір бөлігі Черногорияға кірсе, екінші бөлігі Албанияға тиесілі болды. Асқақ таулармен қоршалған бұл алып су қоймасында балықтардың 38-ге жуық түрі және сирек кездесетін құстардың 280-нен аса түрлері еркін тіршілік етеді.

Сурет ru.wikipedia.org сайтынан

Көл Еуропадағы бұйра бірқазандарды (Pelicaneus crispus) көруге болатын жалғыз орын болып қала береді. Ұзындығы 160-190 сантиметр және салмағы 12 келі, қанаттарының ұзындығы үш метрге дейін жететін құстарды тамашалай аласыз. Бұл құстар жыл сайын осында келуді ұнататын және көлдің сұлулығын тамашалайтын орнитолог-ғалымдарды тәнті етеді. Желкесінде бұйрасы болғандықтан, бұл құсты "бұйра бірқазан" деп атайды. Бірқазанның осы түрі азайып бара жатқандықтан, олар Скадар көлінің басты әшекейі болып, осы көлде өздерін еркін, әрі қауіпсіз сезініп жүрулеріне жағдай жасалынған.

Қалай табуға болады

Көл Подгорицадан 15 шақырым және Петровацтан 25 шақырым жерде орналасқан.

Демалыс бағасы

Көлде қайықпен немесе катермен бір сағат серуендеу 20 еуродан басталады (шамамен 9 000 теңге), ол жерде балық аулауға да болады.

Коронавирус пандемиясы жақын арада аяқталып, шекаралар қайтадан ашылады деп үміттенеміз.

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.