JetBlue әуекомпаниясының екі ұшағы Бостан қаласындағы Логан халықаралық әуежайында апатқа ұшырады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі AviationSource News сайтына сілтеме жасап.
Ұшақ мұз басуға қарсы алаңға қона бергенде басқа лайнердің артқы бөлігін қағып кеткен көрінеді. RadarBox.com сайтының ақпаратына сәйкес апат салдарынан екі ұшақ та зақымдалған: N2157J және N956JT.
"8 ақпан, бейсенбіде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:40 шамасында Бостондағы Логан халықаралық әуежайында мұзға қарсы алаңға қонған кезінде JetBlue әуекомпаниясының 777 рейсіндегі Airbus A321neo ұшағының сол қанаты 551 рейсіндегі Airbus A321 ұшағының оң жақ көлденең тұрақтандырғышына соқтығысты", - деді АҚШ федералды авиация агенттігі.
777 рейс Лас-Вегасқа, ал 551 рейс Орландоға ұшуы керек еді. Желіде таралған суретте лайнерлердің қаншалықты зақымдалғанын көруге болады. Екі ұшақты да жөндеуге қанша уақыт кететіні әлі белгісіз. Сол себепті олар біраз уақыт рейске жіберілмейді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!