Бейне бір тозақ дерсіз: Жер бетіндегі ең қауіпті туристік бағыттар жайлы не білесіз?

Егер стандартты туристік бағыттар мүлде қызықсыз болса және өзіңізді сынағыңыз келсе, қауіп-қатерден қорықпасаңыз, қай жерлерге баруға болады? Жер бетінде барынша қауіпсіздік сақтау қажет көптеген жерлер бар. Көптеген туристер қауіпсіздік сақтамағанның себебінен осы жерлерде денсаулығынан айырылып, не қайтыс болғандары да бар.

Ол жерлер кез келген адамға қорқыныш пен үрей сыйлайды, әсіресе өлім алдында өмірдің барлық рахатын сезінуге итермелейді. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata сервисімен бірге жыл сайын көптеген адамның өміріне қауіп төндіретін Жер бетіндегі ең қауіпті 10 орын жайлы баяндайды.

Өлім алқабы, Калифорния (АҚШ)

Өлім алқабы ұлттық саябағы атын заты сай Америка Құрама Штаттарындағы ең ыстық және ең құрғақ жер болып табылады. 19 ғасырда оның аумағында алтын кен орындарын іздеу үшін бір жерден екінші жерге көшіп, жолды қысқартуға тырысқан мыңдаған барлаушылар қайтыс болған.

Біздің дәуірімізде құрбан болғандар аз, бірақ Өлім алқабы әлі өте қауіпті - жыл сайын мұнда 10 адамға жуық өлім құшады. Мұнда тіркелген ең жоғары температур +57,7 градус болды. Адам бұл жерде сусыз тек 14 сағат қана өмір сүре алады.

Сонымен қатар, алқапта қауіпті жануарлар (койоттар, шұбар жыландар, шаяндар мен қара өрмекшілер) мекендейді, жаңбырлы дауыл кезінде су тасқыны мен сел жүру қаупі де аз емес. Бірақ таңғажайып табиғаттың арқасында туристер әлі де мұнда келеді.

Туристер үшін ең танымал орындар - фантастикалық көріністері бар Zabriskie Point нүктесі мен Dante's View көрінісі, Artists Palette суретшілер палитрасы төбелері, сюрреальді Badwater Basin бассейні, керемет Mosaic Canyon және қозғалатын тастары бар құрғақ Рейстрэк-Плайя көлі.

Фото: dtf.ru

Патша соқпақ жолы, Испания

Эль Каминито дель Рей (Патша соқпақ жолы) көпшілік оны "Өлім жолы" деп те атайды. Бұл шынымен де әлемдегі ең шеткі тау жолдарының бірі. Треккинг Еуропадағы ең көп баратын альпинистік аймақтардың бірінде - Испанияның Малага провинциясындағы (Андалусия) Эль-Чорро шатқалында орналасқан.

Соқпақ 1901-1905 жылдары Конде-де-Гуадальорсе су қоймасының гидротехникалық құрылыстарын салған жұмысшыларға арналған. Содан кейін бұл ені бір метрден аспайтын, 100 метр биіктіктегі жартастарды бойлай төселген бетон карнизі болды. Жіңішке аспалы көпір шатқалдың бір жағын екінші жағымен байланыстырды.

Уақыт өте келе жол қолданыстан шығып, бұзыла бастады. Бірақ экстремалды туризм сәнге айналғанда Эль Каминито Дель Рей қайта еске түсті. 2001 жылы "өлім ізіндегі" бірқатар апаттардан кейін билік бұл бағытқа тыйым салды. Ол ресми аттракцион мәртебесінде 15 жылдан кейін ғана ашылды. Қайта жаңартылып, торлы қоршаумен, ал ең қауіпті жерлерде жақтаулармен жабдықталды. Соқпақ ұзындығы 7,7 шақырымды құрайды және қазір өте қиын, әрі қауіпті саналады, сондай-ақ, мұнда апаттар әлі де болып тұрады.

Фото: Shutterstock

Вашингтон тауы, АҚШ

Мұнда жер бетіндегі желдің жылдамдығы бойынша әлемдік рекорд жаңарған. Тіркелген максималды жылдамдық сағатына 327 шақырымды құрайды. Дегенмен, дауыл ғана емес, температура -40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін, ал тұрақты қалың қар бұл жерді өте қауіпті етеді.

Жай биіктігіне қарамастан - 1917 метр, бұл әлемдегі ең қауіпті шыңдардың бірі. Оған тек экстремалды спортта ең жүрек жұтқан әуесқойларының ғана шығуға батылы жетеді.

Айтпақшы, бұл тауды "әлемдегі ауа-райы ең нашар жер" деп те атайды. Мұнда секундына 103 метрден астам жылдамдықпен торнадо соғады.

Мұндай алпауыт желге түскен альпинистің аман қалуы неғайбыл.

Өлім соқпағы, Боливия

Осы жолмен жүріп, тірі қалған туристер бұл жолды Эверестке шығуға иеңеп жатады. Оның ресми атауы Солтүстік Юнгас жолы болса да, ол бүкіл әлемде Боливиялық өлім соқпағы ретінде танымал. 1930 жылдары Ла-Пас пен Коройко қалаларын байланыстыру үшін құрылған бұл бағыт тік тау серпентинінің ең шетінен өтеді. Оның жалпы ұзындығы 56 шақырым, ал биіктік айырмашылығы 4650 метрден 1200 метрге дейін. Бұл ретте жолдың көп бөлігінің ені небәрі 3,2 метрді құрап, мұнда екі көліктің бірге өтуі өте қиын.

2006 жылы Ла Пастан Коройкоға дейінгі жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті тұрғындар Солтүстік Юнгасты пйдалануын сиретті. Бірақ экстремалды туристердің мұнда тек көліктерде ғана емес, велосипедтер мен мотоциклдерде де келуі айтарлықтай өсті. Кейбір туристік агенттіктер шетелдіктерге ұсынатын ең танымал ойын-сауық түрі - тауда велосипедпен серуендеу. Соңғы 10 жылда бұл аттракцион кем дегенде 13 адамның өмірін қиды.

Фото: Shutterstock

Danakill Depression, Эфиопия

Ол Эфиопияның солтүстігіндегі осы аттас шөлде орналасқан. Бұл жер бетіндегі ең ыстық жерлердің бірі. Жазда ауаның жоғары температурасы +63 градус Цельсийге жетеді, ал топырақ +70 градусқа дейін қызуы мүмкін. Дегенмен, мыңдаған батыл авантюристер Данакил ойпатының мүлде жат табиғи көріністерін көру үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, осында асығады.

Мұнда үш жанартау бар - ұйықтап жатқан Аялу мен Даллол, сондай-ақ белсенді Эртале. Соңғысы - бірден екі лава көлі бар әлемдегі жалғыз. Ойпаттың бетіне көптеген ыстық бұлақтар ағып шығады. Олар сары, қызғылт сары, терракота және жасыл түске боялған "мүсіндермен", яғни тұзды шөгінділермен қоршалған.

Үлкен Даллол көлі әсіресе әсем көрінеді, оның жағасы әртүрлі түске боялған - лимон түстестен күлгінге дейін. Ондағы судың түсі шөптесін және оның температурасы +110 градус болғандықтан бұрқылдап қайнап жатады. Данакилдің ауасы қышқыл және күйдіргіш, улы түтінге қаныққан. Мұнда тыныс алу оңай емес, сонымен қатар естен танып, күйіп қалу және улану қаупі жоғары.

Фото: Shutterstock

Дарваза газ кратері, Түрікменстан

Қарақұмның қақ ортасында лаулап тұрған Дарваза газ кратерін "тозақтың қақпасы" деп атайды. Бұл диаметрі 69 метр, тереңдігі 30 метр болатын көгілдір отын үздіксіз жанып тұратын шұңқыр. Ал бұл құбылыс 50 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді.

Кратердің пайда болуының және оның тұтануының нақты себебі белгісіз. Бірақ ең жақын нұсқасы – ол 1960 жылдары Дарваза ауылы маңындағы аумақта мұнай іздестіру жұмыстары жүргізіліп, бұрғылау қондырғысы жерасты газ қалтасы пайда болған жерде пайда болған. Бұрғылау кезінде ол ашылып, топырақ барлық құрал-жабдықтармен бірге құлап, табиғи газ қуыстардан белсенді түрде шыға бастады. Ауыл тұрғындарына қауіп төндірмеу үшін геологтар воронканы өртеп жіберді. Олар бірнеше аптадан кейін бәрі жанып кетеді деп ойлады. Бірақ олай болған жоқ, осылай Түркіменстан өзінің ең танымал және ең қауіпті аттракционына ие болды.

Жыл сайын Дарваза газ кратерін көруге 6 мыңнан астам турист келеді. Ал елге келу үшін жылына орта есеппен 8 мыңға жуық виза берілетінін ескерсек, бұл таңғаларлық көрсеткіш.

Фото: Shutterstock

Натрон көлі, Танзания

Натрон көлінің суреттеріне қарап, олардың Жерде түсірілгеніне сену қиын. Ол мезгіл-мезгіл әртүрлі қызғылт және қызыл реңктерге айналатын қалың тұз қабығымен жабылған. Ондағы су құрамы бойынша күшті сілтілі ерітіндіге ұқсайды және өте ыстық (+40-тан +50 градусқа дейін). Оған қол тигізу лезде химиялық күйікке шалдырып, ал оған түскен жануарлар уақыт өте тұзды мумияға айналады.

Фото: Shutterstock

Кристалл үңгірі, Мексика

Үңгір 2000 жылы ашылған, ол Найка таулы қалашығының астында 300 метр тереңдікте орналасқан. Оның ерекшелігі - ондағы температура +58 Цельсий градуста, ал ылғалдылық 100 пайызға дейін жетеді. Мұндай жағдайларда өкпеде бірден су жиналып, адам бірден өледі.

Үңгірде селениттен (гипстің бір түрі) түзілген әлемдегі ең үлкен кристалдар бар, олардың салмағы ондаған тоннаға жетеді. Үңгірде тұру үшін қосымша құрал-жабдықтар пайдаланылады, бірақ оның өзінде ол жерде 20 минут қана тұруға мүмкіндік бар. Бұл үңгірге баруға рұқсат алу үшін бірнеше жылдар қажет болуы мүмкін.

Гавайй вулкандары ұлттық саябағы, Гавай

Гавайдағы жанартау ұлттық саябағы бірегей геологиялық ландшафт болып саналады және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарына кіреді. Оның ең танымал туристік көрікті жерлері - планетамыздағы ең белсенді екі жанартау. Мауна Лоа жер бетіндегі екінші орынды алып жатқан мега жанартаулар тобына жатады. Оның соңғы ірі атқылауы 1984 жылы тіркелген. Ол ұйықтамайды, жер асты дүмпулері үнемі тіркеліп тұрады, топырақ өзгеріске ұшырап, жаңа фумаролдардың пайда болып тұрады.

Килауэа 1983 жылдан бері үздіксіз атқылауда және жылына мыңдаған саяхатшыларды өзіне тартады. Олардың барлығы күндіз аспанға көтерілген күл, газ және бу бұлттарын, ал түнде - жарқыраған лава ағындары мен кратердің жанып тұрған саңылауын көру үшін өмірлерін қатерге тігуге дайын.

Гавайи вулкандары ұлттық саябағы әлемдегі ең қауіпті орындардың бірі болып қала береді. Тіпті дәлелденген бағыттарда да ыстық лаваға толы шұңқырлар жиі пайда болады, жартастардың шеттері кенеттен құлап, жерде жарықтар пайда болады. Сонымен қатар, улы вулкандық түтіндер көздің зақымдалуына, тыныс алудың бұзылуына, сананың жоғалуына және тіпті жүректің тоқтауына әкеледі.

Фото: Shutterstock

Кавах-Иджен көлі, Үндістан

Индонезияның Ява аралының шығысында тағы бір тұз қышқылына толы Кавах жанартаулық көлі. Ол шамамен 200 метр тереңдіктегі жанартау сағасынан бөлінетін хлорсутегінен түзілген. Бұл көлдегі судың температурасы Цельсий бойынша 60 градусқа жетеді, бірақ оған қол тигізу де қажет емес, өйткені бұл сұйықтық электр аккумуляторындағы күкірт қышқылына қарағанда күйдіргіш.

Бұл жер "электр жалынына" – күкірттің тұтануы кезінде пайда болатын улы көгілдір отқа қарауды ұнататын туристер үшін өте тартымды. Алайда, бұл жерде ұзақ уақыт, газдан қорғағышсыз қалу денсаулыққа қауіпті.

Фото: geology.com

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің қалаған нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Әуе және теміржол билеттерін сатып алуға болатын "Авиата" қосымшасын мына сілтеме бойынша жүктеуге болады.