Бейжіңде тағы да құмды дауыл соқты

Бейжіңде бес аптада үшінші рет құмды дауыл соқты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Global Times басылымына сілтеме жасап.

Бейжің қоршаған ортаны қорғау мониторингі орталығының мәліметінше, Қытай астанасындағы тағы бір дауыл қаладағы PM 10 ұсақ бөлшектердің мөлшерін текше метріне 999 микрограммға дейін арттырды.

Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) белгілеген рұқсат етілген нормадан 20 есе артық. PM 10 мөлшері бір текше метрге 50 микрограммнан аспауы тиіс. 

"Биыл бізде бірнеше шаңды дауыл болды. Ауа сапасы алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда нашар. Тыныс алу қиындап жатыр. Құм көзге, мұрынға кіреді", - дейді Бейжің тұрғындарының бірі Гэри Зи. 

Метеорологтардың айтуынша, құм бөлшектері Моңғолиядан келген. Жұмада дауыл орталық және шығыс Қытайға жетуі мүмкін. 

Орман шаруашылығы және метеорология бойынша сарапшылар тобы Ішкі Моңғолиядағы құмды дауылдарды зерттеп жатыр. Сондай-ақ, Қытай "Ұлы жасыл қабырға" деп аталатын жоба аясында осындай дауылдарды өткізбеу үшін шекарасына миллиондаған ағаш отырғызды.

Еске салайық, бір ай бұрын, наурыздың ортасында Бейжіңде осындай құмды дауыл соққан. Метеорологтар оны соңғы он жылдағы ең күшті құмды дауыл деді. Бөлшектердің концентрациясы нормадан 160 есе асып түсті. Салдарынан ұзын-сонар кептелістер болып, әуе рейстері тоқтап, кешікті. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!