Бангкокта қонақүй иесі ғимаратының алдындағы алаңға үлкен "жартылай құдай және жартылай жын-пері" мүсінін орнатқаны үшін 38 мың доллар айыппұл төледі, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Bangkok Post басылымына сілтеме жасап.
Аталған мүсіннің орнатылуы көпшіліктің наразылығын тудырды. Басылым мәліметінше, қонақүй иесі Таиландтың Құрылысты бақылау туралы заңын бұзғаны үшін 1,3 миллион бат (38 мың доллар) айыппұл төлеген. Заңға сәйкес, мемлекеттік ұйымның меншігіндегі аумақта кез келген конструкцияны рұқсатсыз орнатуға тыйым салынады. Бұл жерде мүсін Таиландтың мемлекеттік теміржолдары (SRT) меншігіндегі жерге орнатылған екен.
Қонақүй салынған жерді, сондай-ақ оның айналасындағы аумақты қонақүй иелері SRT-ден жалға алып отыр. Бұл жағдайда ескерткіш орнатуды қонақүй мен мүсін иесі арасындағы коммерциялық келісімшартқа сәйкес мемлекеттік меншіктің қосалқы жалға беруі деп есептеледі.
Сондай-ақ басылым атап өткендей, иесіне тапсырар алдында мүсіннен зұлым рухтарды аластату үшін бес монах шақырылған. Бастапқыда ол мүсінді қабылдаудан бас тартып, қонақүймен келісімшарты бар екенін айтқан. Кейіннен адвокаттың көмегімен бұл мәселенің шешімі табылып, келісімшарт заңсыз деп танылды.
Бұған дейін Таиландтың The Bazaar Hotel қонақүйінің алдындағы алаңнан биіктігі екі адамдай алып Кхру Кай Кео мүсіні алынып тасталғаны белгілі болды. Оны "буддистік емес, қорқынышты" дегендердің көздерінен тыс жерде болсын деп қонақүйдің артқы ауласына апарып қойған көрінеді. Мүсін 30 желтоқсанға дейін иесіне қайтарылуы тиіс болған.
Тамыз айында Таиландтың әлеуметтік желілерінде жаппай наразылық өршіп кетті. Оған азу тістері мен артында қанаттары бар қара түсті "қатыгез" құдайдың мүсіні себепкер болған. Белгілі болғандай, Хру Кай Кео құдайына табынушылары мүсіннің алдында құрбандық шалу үшін мысық, күшік, үй қояндарын жинап жатқаны анықталды.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!