Бали аралындағы Убудуда Қасиетті маймылдар орманында ағаш құлап, екі турист қаза тапты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі The Bali Sun басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға күндіз, саябақта туристер жүрген кезде болған. Кенеттен қатты дыбыс естіліп, артынша ағаш құлаған. Адамдар жан-жаққа қашқанымен, барлығы бірдей құтылып үлгермеген. Оқиға орнында түсірілген кадрлар желіде тарады.
Саябақ дирекциясының мәліметінше, ағаштың құлауынан екі шетелдік турист қаза болған: Франциядан келген 32 жастағы әйел мен Оңтүстік Кореядан келген 42 жастағы ер адам. Тағы бір оңтүстік кореялық азамат жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Саябақ өкілдерінің айтуынша, ағаштың құлауына жел мен қолайсыз ауа райы себеп болған.
"Құлаған ағаштың сау болғанын атап өткіміз келеді. Біз Monkey Forest Ubud саябағында келушілердің, қызметкерлер мен жабайы жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағаштарды үнемі бақылап, кесу жұмыстарын жүргіземіз. Алайда бұл оқиға адам қолынан келмейтін қатты жел мен экстремалды ауа райы салдарынан болды. Біз жағдайды толық түсіну үшін билік органдарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз", – деп жазды саябақ басшылығы қайғылы оқиғадан кейін.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!