Азиядағы жабық елдердің бірі туристерге үш есе салық төлетіп, кіруге рұқсат береді

23 қыркүйектен бастап Бутан корольдігі пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін шетелдік туристер үшін қайтадан шекараны ашады. Жаңартылған кіру ережелері туралы елдегі туризм кеңесінің сайтында жазылды.

Министр және кеңес төрағасы Танди Доржидің айтуынша, елдің туристік секторы қайта құрылады: енді инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, туристердің саяхаттау тәжірибесін жақсарту және сектордың қоршаған ортаға әсері дамудың басым бағыттарына айналады.

Осыған байланысты патшалық кіру саясатын өзгерту туралы шешім қабылдады. Әр шетелдік туристен күнделікті салық үш есе артады - 65 доллардан 200 долларға дейін. Сонымен бірге, билік туристік пакеттің минималды құнына қойылатын міндетті талапты алып тастайды және саяхатшыларға туроператорлардың көмегінсіз жергілікті қызмет жеткізушілеріне, мысалы, өздері таңдаған гидтерге тікелей жүгінуге мүмкіндік береді.

"COVID-19 бізге көміртегі ізін төмен деңгейде сақтай отырып, Бутанға экономикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жағынан да пайда әкелу үшін туристік секторды қалай құру және пайдалану керегін қайта қарастыруға мүмкіндік берді", - деді министр.

Бутан патшалығы Азиядағы ең жабық елдердің бірі болып саналады. Елге кіру үшін елдің туризм министрлігінде аккредиттелген белгілі бір туристік агенттік арқылы рұқсат алуыңыз керек. Саяхатқа тек гидтің сүйемелдеуімен немесе ұйымдасқан топтардың құрамында рұқсат етіледі.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!