АҚШ-та торнадо салдарынан қаза тапқандар саны көбейіп жатыр

АҚШ-тың Оңтүстік және Орта Батыс штаттарында қатты құйын салдарынан кем дегенде 11 адам қаза тауып, жүздеген адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ABC телеарнасына сілтеме жасап.

Мыңдаған адам жарықсыз қалды. Арканзас штатында төтенше жағдай енгізілді. Табиғи апат штаттың орталық бөлігінде адам көп шоғырланған Литл-Рок қаласы және оның маңайына қатты әсер еткен. Апаттың салдарын жою үшін ұлттық гвардия күштері тартылды. Тұрғын үйлер мен дүкендер қираған.

Көрші Иллинойс штатындағы Белвидер қаласында концерт кезінде шатыр опырылып, салдарынан бір адам қаза тауып, 30-дан аса адам зардап шеккен. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жағдайда табиғи апаттың салдарынан болған.

Метеорологтар атмосфералық құбылыс ілгерілеген сайын ауа-райына байланысты аймақта қауіпті жағдай сақталатынын ескертеді. Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, қауіпті аймақта 28 миллионнан аса адам бар екен.

Арканзас, Миссисипи, Айова, Теннесси, Иллинойс, Индиана және Висконсинде ондаған торнадо тіркелді, бірақ торнадолардың нақты саны әлі анықталған жоқ.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!