Лос-Анджелесте бес жұлдызды "Беверли-Хиллз" қонақүйіндегі Polo Lounge мейрамханасы өз мәзіріне McCarthy Salad деп аталатын арнайы салат түрін енгізді, оның бағасы - 1912 доллар (832 160 теңге), - деп хабарлайды Independent.
Басылым мәліметінше, тағамның атауы поло спортынан америкалық команданың капитаны және 1940 жылдары мейрамхананың тұрақты қонағы Нил Маккартидің есімімен берілген. Әдетте салат құрамында екі түрлі көкөніс шөп, отқа қақталған тауық еті, қызылша, жұмыртқа және авокадо болады, осының барлығын дижон қышасымен араластырады. Негізінде оның бағасы 44 доллар (18 920 теңге) болатын.
Осы бір танымал тағамның жаңа нұсқасы қонақүйдің 110 жылдығына байланысты айтарлықтай өзгерген. Люкс санатындағы салатты омар (ірі теңіз шаяны), уылдырық және алтын қауызбен безендірілген. Оны ақ киім киген даяшы француздық Bernardaud фарфор үйі әзірлеген тостағанда әкеліп береді және салатпен бірге Dom Pérignon шампаны қатар жүреді.
Осы салаттан түскен қаражаттың бір бөлігі LA Conservancy қайырымдылық ұйымына аударылатыны айтылады. Бұл ұйым Лос-Анджелестегі тарихи ескерткіштерді сақтау жұмыстарымен айналысады.