Әбу-Дабиден Қазақстанға жаңа рейстер ашылады

Біріккен Араб Әмірліктерінің Wizz Air Abu Dhabi ұлттық әуекомпаниясы Әбу-Дабиден Алматыға және Нұр-Сұлтанға тікелей рейстерді орындайтын болады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz.

Gulf News басылымы таратқан ақпаратқа сәйкес, Алматыға аптасына екі рет дүйсенбі және жұма күндері, ал Қазақстан елордасына бейсенбі және жексенбі күндері ұшу жоспарланған.

Әуекомпанияның мәліметінше, билеттер тасымалдаушының сайтында 18 мың теңгеден бастап сатылады. Рейстер A321neo ұшақтарымен жүзеге асырылады.

© facebook.com/wizzair

ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитеті тұрақты рейстердің 2021 жылдың мамыр айының ортасынан басталатынын жариялады.

"2021 жылғы 14 наурызда Премьер-Министр Асқар Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Wizz Air Abu Dhabi әуе компаниясы арасында Қазақстан мен БАӘ арасында тұрақты рейстер ашуға қатысты бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Бірлескен мәлімдемеге сәйкес Wizz Air Abu Dhabi әуе компаниясы Әбу-Даби мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды 2021 жылғы мамырдың ортасынан бастауға дайын екенін білдірді. Қазақстан Республикасы мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар өз құзыреті шегінде жоғарыда аталған рейстерді ашу мәселесі бойынша өзара әрекеттесуді және күш-жігерді үйлестіруді жүзеге асыруға келісті", - делінген ведомство хабарламасында. 

Wizz Air Abu Dhabi - лоукостер, Әбу-Даби (БАӘ) әуежайында орналасқан БАӘ 6-ұлттық әуе компаниясы. Бүгінде әуе компания паркінде A321neo үлгісіндегі 4 жаңа әуе кемесі бар. Әуекомпания 13 бағыт бойынша 11 елге халықаралық рейстер орындайды. 

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.