Абу-Даби туристері жүк пен ПТР-тестін үйден тапсыра алады

БАӘ ұлттық тасымалдаушысы жаңа қызмет ұсынды. Енді Абу-Даби халықаралық әуежайынан ұшатын Etihad Airways жолаушылары үйде немесе қонақүйде отырып, тіркеуден өтіп, жүгін рәсімдеп, ПТР-тестін тапсыра алады, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы The National басылымына сілтеме жасап.

Жаңа қызмет билет бағасы 209 дирхамнан (24 368 теңге) басталатын, ал жүгі төрт сөмкеден аспайтын барлық жолаушыға қолжетімді. Қызметке ұшуға дейін жеті сағаттан кешіктірмей тапсырыс беруге болады. Жолаушылар аптасына жеті күн, 8.00-ден 20.00-ге дейін өзіне ыңғайлы күн мен тіркелу уақытын таңдай алады.

Әуекомпания қызметкерлері көрсетілген жерге рейстен 24-7 сағат бұрын келеді, құжаттарды тексереді, тіркеуді аяқтайды және сөмкелерді алып кетеді. Бірден ұшақтағы орынды таңдап, қосымша жүк қызметін пайдалануға болады.

Үйден тапсырған ПТР-тест 239 дирхам (27 867 теңге) тұрады. Нәтижелер 48 сағат ішінде цифрлық форматта белгілі болады.

"Үйден тіркелу қызметі әуежайдағы адамдармен қарым-қатынасты азайтады, бұл пандемия кезінде маңызды. Туристер әуежайдағы ұзын кезектен құтылады. Etihad қызметін жақсартуға тырысады және қонақтарға ыңғайлы саяхат түрлерін ұсынады", - деді Etihad компаниясының Ғаламдық әуежай, желі және жүк операциялары жөніндегі вице-президенті Джон Райт.

Сондай-ақ, үйден тіркелу Абу-Даби әуежайынан 70 шақырым жерде жүргендерге қолжетімді. Ал одан алыс тұратындар қосымша ақы төлеп, қызметке тапсырыс бере алады.