Flydubai ұшпаған рейстің ақшасы қалай қайтарылатынын түсіндірді

Әлеуметтік желілерде турагенттер ұшпай қалған рейстер үшін ақшаны қайтару және Flydubai сертификаттарын ұзарту туралы жағдайды талқылап жатыр, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Тourdom.ru сайтына сілтеме жасап.

Өткен жылдың наурызында халықаралық әуе қатынасы тоқтатылғаннан кейін, ұша алмай қалған рейстердің жолаушылары бір жылдық мерзімге болашақ рейстерге ваучерлер алды. Бірақ кей елде тасымалдаушының бағдарламасы әлі жаңартылмаған және туристік компаниялардың өкілдері не істеу керегі белгілі болмай отыр. Олар клиенттерінің ақшасын қалай қайтаруды немесе басқа датаға ауыстырудың жолын түсінбей әлек.

Басылымға әуекомпания өкілдері жағдайды түсіндірген. Олар ұшуға арналған сертификатты осы жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға болатынын айтқан. Бұл процедура автомат түрде емес, жолаушының өтініші бойынша жасалады. Олай болмаған жағдайда ваучер жойылады, ал ақша қайтарылмайды. Яғни, жолаушы ақшаны қайтару туралы өтініш жіберуі керек.