Нидерланды жыл сайын 7 миллион гүлі бар ең үлкен қызғалдақ бақшасының ашылуын атап өтеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Time Out мәлім еткендей, әйгілі Кекенхоф бағы 2024 жылдың жаңа маусымында ашылып, келушілерді қайта қарсы алады. Бұл - Нидерландыдағы ең үлкен және әйгілі гүлдер фестивалі. Мұнда алуан түрлі қызғалдақтарды көруге болады. Яғни туристер жалпы жеті миллион гүлден тұратын жүздеген қызғалдақ түрін тамашалай алады.
Биылғы фестиваль 21 наурызда басталып, 12 мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында бақ барлық адамды қабылдайды. Келушілер гүлдердің апта сайын қалай өзгеретінін бақылай алады. Нидерландының символына айналған қызғалдақтардан бөлек бақтан ирис, лалагүл, нарцисс, орхидея, гиацинт сынды басқа гүлдерді де көруге болады.
Кекенхоф бағы Лиссе қаласында XVII ғасырда бой көтерген қамал аумағында орналасқан. Мұнда Гаага, Харлем, Лейден және Амстердамнан бір жарым сағатта жетуге болады. 2024 жылы бақтың 75 жылдығы аталып өтеді. Бақта қонақтар гүлдерді тек тамашалап қана қоймайды. Келушілер тақырыптық павильондарды тамашалай алады, велосипедпен экскурсияларға қатыса алады, қайықпен серуендей алады. Сондай-ақ пикникке шығу мүмкіндігі де қарастырылған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!