"20 жылда мұнша өлім-жітім болмаған". Былтыр акула құрбаны болған адамдардың тізімі жарияланды

© pixabay.com/SarahRichterArt

Tracking Sharks порталы әлем бойынша акула құрбанына айналған адамдар тізімін жария етті. Құрбандардың ең жасы небәрі 15-те болса, ең үлкені 76 жаста болған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Tracking Sharks порталы әлем бойынша акула құрбанына айналған адамдар тізімін жария етті. Құрбандардың ең жасы небәрі 15-те болса, ең үлкені 76 жаста болған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Порталдың мәліметінше, 2023 жылы акуланың адамға шабуылдауынан 84 адам зардап шеккен. 18-і қаза болған. Өкінішке қарай, олардың арасында акула тұтастай жеп қойып, сол бойы табылмағандары да бар.
Tracking Sharks атап өткендей, мұнша өлім-жітімнің тіркелмегеніне 20 жылға жуықтаған:

Реклама
Реклама

5 қаңтар: Мануэль Лопес (53 жаста). Мексикадағы Сонора жағалауында моллюскілерді ауламақ болып, суға сүңгіген кезде алтыметрлік акула оның басынан жұлып алған.

4 ақпан: Стелла Берри (16 жаста). Аустралияның Перте қаласындағы Суон өзенінде шомылып жүргенінде акула құрбаны болды.

18 ақпан: Диего Бария (32 жаста). Балық аулаушылар Аустралия жағалауында ұсталған акуланың ішінен ер адамның сүйегін тапқан.

19 ақпан: Крис Дэвис (59 жаста). Жаңа Каледония жағалауында демалып жүрген ер адамға тарғыл акула шабуылдаған. Крис алған жарақаттарынан көз жұмды.

9 мамыр: Алехандро Хименес (17 жаста). Кубаның солтүстік жағалауында акулаға тап болып, қаза тапты.

13 мамыр: Саймон Баканелло (46 жаста). Аустралия жағалауында серфингпен айналысып жүргенде үлкен ақ акула сүйреп әкеткен. Ер адамның денесі сол бойы табылмады.

4 маусым: Жаңа Каледонияда су астына аңшылыққа шыққан белгісіз ер адамға акула тап берген. Салдарынан ер адам тіл тартпай кеткен.

8 маусым: Владимир Попов (23 жаста). Мысырдың Хургадасына жақын жердегі Қызыл Теңізге шомылып жүрген жігітті тарғыл акула жартылай жеп қойған. Қайғылы оқиға әкесінің көз алдында болған.

12 тамызда: Балықшы Амони Малеулу (41 жаста). Самоада ұстап алған китті жағаға алып шықпақ болған балықшы акула құрбаны болды.

1 қазан: Феликс Луи Нджай (52 жаста). Калифорнияның Пойнт-Рейес қаласындағы Уайлдкэт жағалауында суға түсіп жүрген жерінде үлкен ақ акула шабуыл жасап, қаза тапты.

31 қазан: Тодд Гендл (55 жаста). Оңтүстік Аустралиядағы Стрики-Бэйде серфингке шыққан азаматты үлкен ақ акула жалмаған. Куәгердің сөзінше, акуланың ұзындығы лимузиндей болған.

21 қараша: Германиялық дайвер (47 жаста) Багам аралдарындағы Тайгер жағажайында тарғыл акуланың шабуылынан зардап шегіп, көз жұмған.

2 желтоқсан: Мария Хименес (26 жаста). Мексиканың Мелаке жағажайында акула әйелдің аяғын жұлып алған. Мария бес жасар қызын қауіпсіз жерге итеріп жіберіп, құтқарып үлгерген. Сол жердегі куәгерлер оны жағаға алып шыққан көрінеді, дегенмен көп қан жоғалтқан әйелді аман алып қалу мүмкін болмады.

4 желтоқсан: Лорен Эриксон ван Варт (44 жаста). Үйлену тойынан кейін ертесіне Багам аралында күйеуі екеуі серфингпен айналыспақ болған. Суға аяқ басқанда оларға тарғыл акула тап берген. Өкінішке қарай Лорен қаза тауып, күйеуі аман қалған.

14 желтоқсан: Джозеф Байненс (76 жаста). Мексиканың Тынық мұхиты жағалауындағы Плайя Кьетада шомылып жүрген канадалық туриске акула шабуыл жасаған. Ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болды.

28 желтоқсан: Кхай Коули (15 жаста). Талантты серфингші әкесімен бірге Аустралияның оңтүстік жағалауындағы Этель-Бичте демалуға барған. Теңізге бет алған Кхайға ақ акула шабуылдап, аяғын жұлып алған. Құтқарушылар оны аман алып қалу үшін барлық әдісті қолданғанымен оның жарақаттары тым ауыр болды.

29 желтоқсан: Виктор Алехандро (20 жаста). Мексиканың Сонора жағалауында шаяндарды аулап жүрген жас жігіт үлкен ақ алуға тап болып, аяғынан айырылды. Ол жарақаттары салдарынан қаза болды.

30 желтоқсан: Джейсон Картер (39 жаста). Гавайдағы Мауи аралында серфинге шыққан ер адам тарғыл акула құрбанына айналды. Құтқарушылар оны судан алып шыққанымен, Джейсон ауруханада көз жұмған.
Порталдағы ақпаратқа сәйкес акулалардың адамдарға шабуылының жиілеп кетуі бүкіл әлемде мұхиттың жылынуы салдарынан туындаған.

Бұл жыртқыштарды аз қоныстанған оңтүстік жарты шардан салқын, әрі тығыз қоныстанған солтүстік жарты шарға жер аударуға итермелейді. Сәйкесінше акулалардың адамдарға шабуыл жасау мүмкіндігін арттырады.
Сондай-ақ шабуылдардың жиілеуіне сүңгуірлерге арналған заманауи жабдықтардың пайда болуы әсер етуі мүмкін. Себебі қазір адамдар суда әлдеқайда ұзағырақ бола алады. Бұл акуламен бетпе-бет кездесу қаупін арттырады.

Оның тағы бір себебі - мұхиттың ластануы және адамдардың балық аулау қарқындылығы болуы ықтимал. Ірі жыртқыштарға балық жетіспейді, сөйтіп олар жағалаудағы адам аяғы көп таяз жерлерді шарлауға мәжбүр.
Сарапшылардың пікірінше, акулаларды өлтіруге тыйым салынғалы, олардың популяциясы айтарлықтай артқан. Адамдардың шомылу кезінде жыртқышты жиі кездестіруі де содан дейді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная